Қызмет тәртібі

Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері қызметінің тәртібі

Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері қызметінің үлгілік қағидалары

ППТК арнайы түзетуші топтық, шағын топтық және жеке дамытушы бағдарламаларды іске асыратын және ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсету үшін құрылатын арнайы білім беру ұйымдарының бірі болып табылады.

Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері қызметінің тәртібі

ППТК-не балаларды жіберу және орналастыру ата-аналардың (заңды өкілдердің) келісімімен ПМПК қорытындысы бойынша жүзеге асырылады. Балаларды ППТК-не қабылдау жыл бойы жүргізіледі.

ППТК психологиялық-педагогикалық көмекті ПМПК қорытындысы негізінде туылғаннан он сегіз жасқа дейінгі ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға:

1) көру қабілеті бұзылған;

2) есту қабілеті бұзылған;

3) сөйлеу тілінің бұзылыстары бар;

4) сөйлеу тілінің дамуы тежелген;

5) тірек-қимыл аппараты қызметінің бұзылысы бар;

6) зерде бұзылыстары бар;

7) психикалық дамуы тежелген;

8) эмоциялық-ерік әрекетінде және мінез-құлқында бұзылыстары бар; балаларға көрсетеді.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында түзету-педагогикалық көмек болмаған жағдайда, сондай-ақ орта білім беру ұйымдарына тіркелген үйде оқитын балаларға түзету-педагогикалық көмек болмаған жағдайда ППТК ондағы білім алушыларға психологиялық-педагогикалық түзету көмегін көрсетеді.

Түзете-дамыта оқытудың мазмұны осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша жеке дамыту бағдарламасымен (бұдан әрі - ЖДБ) айқындалады. ЖДБ ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың психофизикалық және сөйлеу тілінің дамуы мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып әзірленеді және баланың негізгі даму: сөйлеу тілі, танымдық, әлеуметтік-эмоционалдық, моторикалық және өзіне-өзі қызмет ету аясын қамтиды.

ЖДБ құру үшін баламен түзету жұмысының басым бағыттарын одан әрі анықтау үшін оның психофизикалық жағдайын кешенді тексеруді мамандар (олигофренопедагог, сурдопедагог, тифлопедагог, мұғалім-логопед (логопед); педагог-психолог, психолог, әлеуметтік педагог) жүргізеді.

ППТК-дегі ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға түзете-дамыту тұрғысынан оқытуды ұйымдастырудың формалары жеке немесе шағын топтық және топтық сабақтар, консультативтік сабақтар, қысқа мерзімді топтар болып табылады.

Топтар бір жас шамасы немесе әртүрлі жас шамасы қағидалар бойынша жинақталады. Топтар саны ППТК және түзету-педагогикалық жұмысты жүзеге асыру үшін арнайы жағдайлардың болуымен айқындалады.

Сабақтың ұзақтығы ерекше білім беруге қажеттілігі бар баланың жасына байланысты:

1) жеке сабақтар – 20-30 минутты;

2) екіден бес жасқа дейінгі мектепке дейінгі кіші жастағы балаларға арналған топтық сабақтар – 35-40 минутты;

3) мектепке дейінгі ересек бестен жеті жасқа дейінгі және мектеп жасындағы алтыдан он сегіз жасқа дейінгі балаларға арналған топтық сабақтар – 35 минутты құрайды.